Ахмет байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы

 Ахмет байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы

         Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түркітанушы, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы Сартүбек деген жерде, ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1872 жылы дүниеге келеді. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Ұлы ғұламаның ауыр тағдыры жайлы, толық өмірбаянын жазу үшін көптеген архив деректері, замандас естеліктері, тарихи құжаттарға сүйенсек, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткергеніне көз жеткізуге болады. Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық, ақындық, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше.

           Ахмет Байтұрсынұлының  сүйегі – арғын, оның ішінде – Үмбетей. Ал әргіден таратсақ, Ақаң тарихта есімі мәшһүр тархан Жәнібекпен туысады, Жәнібек батыр Шақшақтың шөбересі болса, Ахмет – шақшақ бабаның тоғызыншы тармақтағы ұрпағы. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы еті тірі, сергек, намысқой адам болған. Содан да ол руластарына әлімжеттік жасаған Торғай уезінің бастығы, полковник Яковлевті соққыға жығып, 15 жылға Сібірге айдалады.

                                          Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

                                          Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.

                                          Алданып жегеніме оны ұмытсам,

                                          Болғандай жегенімнің бәрі қарам,-

деп кейіннен жырлағандай, бұл оқиға бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Өмірдегі әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көрген зерек бала көңіліне үлкен ой түйеді. Басына күн туғанда маңайынан үкіметке арыз жазарлықтай білімі бар тірі пендені таба алмай қиналған қайран әке итжеккенге айдалып бара жатып: «балам, қандай қиыншылыққа ұшырасаң да, аш қалсаң да мейлі жалаңаш, жалаңаяқ жүрсең де, жататын орның болмаса да, қанша қорлық көрсең де, оқы» — деп тапсырған екен.

            Анасы Күңші – арғынның Сүгір руының шеру атасынан шыққан Құлыбек деген байдың қызы. Өте келбетті, ұзын бойлы, ақсары, толық денелі, сәнді киінетін кісі екен. Қолөнер шебері, ақындығы да бар, топ жарып ән де салады екен, мінезі елден ерекше батыл болыпты. Анасын осы өжет мінезіне қарай ел «сары уез» атап кетіпті. Байтұрсынның мал-мүлкі тәркілегенде жалғыз көкшолақ аты ғана қалады. Күңші сол жалғыз аттың күшімен балаларын асырап жеткізеді. Ахметтің оқуға құштарлығын байқаған анасы қандай қиындыққа болса да шыдап, баласын оқудан қол үздірмейді. Тумысынан аса талантты, талапты Ахмет жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, кейіннен Орынбордағы мұғалімдік мектепте төрт жылдай оқып, білім алады. Оны бітірісімен мұғалім болып, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде мұғалім, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Өмір, тіршілік майданына араласады, әділет үшін күреседі, зорлықшылдарға қарсылық білдіреді, патшаның  отаршылдық саясатын айыптайды. Сонымен бірге жан-жақты ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысып, өлең-жыр жазады, оқу құралдарын жасайды, фольклор нұсқаларын жинап, аудармамен шұғылданады. Жастығына қарамастан терең білімді де білікті, еркін мінезді, ойшыл Ахметтің ел ішінде беделі өсіп, салмағы арта бастайды.

             Ахмет Байтұрсынұлының саяси күрес жолына түсуіне 1905 жылғы патша манифесі себепкер болады. Қоянды жәрмеңкесіне жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі — Ахмет еді. Бұл петицияда сол кездегі қазақтың бүкіл талап-тілегі көрініс табады. Атап айтқанда,

   —     Қазақ даласын отарлау саясаты тоқтатылып, қазақ жері өзіне қайтарылсын;

   —     Дала губернаторының қазақты ешқандай сотсыз айдатып жіберуі тоқтатылсын;

   —     Қазақша газет, мектеп, баспахана ашуға цензура болмасын;

   —   Қазақ халқының мүддесін қорғау үшін Ресей патшасы Думаға депутат сайлауға рұқсат берсін;

           Қарқаралы петициясы Петербургке жөнелтілген соң, бір жарым айдан кейін мемлекеттік Думаға өзге ұлттармен бірге қазақтардың сайлануына рұқсат беріледі. Қазақтардың саяси белсенділігінің бұлайша арта түсуі патша өкіметіне, әрине, ұнамайды. Сол кезден бастап петиция авторларын қудалау, соттау, жер аудару күшейе түседі. Ақырында, Ахметті  Қарқаралы екі кластық училищесінің меңгерушісі қызметінен алады. Онымен қоймай, 1907 жылы «училищеде бір орыс баласы жоқ, ұлтшыл, патшаға қарсы үгіт жүргізген» деген айыппен абақтыға қамайды. Осыдан бастап Ахмет үнемі жандармдық бақылауда болады. Бірақ соның өзінде де бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер  жазған Ахмет «Қырық мысал», «Маса» жинақтарын шығарады. Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ – орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады. Бұрынғы ескі – ертегі, хикая үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма – мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен И.В. Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургта басып шығарады.  Бұл еңбектерінде кісілерің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жәйттерді, әсіресе, патша отаршыларының зорлық-зомбылығы, жуандардың, байлардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынұлы жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді.

           «Маса» кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар-абыройын сатқан «жақсылығы өз басынан артылмаған» адамдар сыналады. «маса» жинағындағы өлеңдер – ақынның  төл туындылары. Кезінде Мұхтар Әуезов «Қырық мысалды» «қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі» деп бағаласа, «Маса» — қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұран» деп сипаттаған болатын. Мұндағы сол кездің терминімен «елшілдік ұран дегені – демократтық, бұқарашылдық ұран». Бұл жинақтағы өлеңдер – демократтық, бұқарашылдық ұран. «Маса»  деген жинақ атының өзі символ: надандық, өнер-білімнен кенже қалушылық, шаруаға енжарлық – осылар, автордың бейнелеуінде, қазақты шағуға дайын тұрған жылан, ал өлең иесі «аяқтары ұзын, сары маса» болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халқын оятып, жыланнан сақтандырмақшы. сан жағынан аса көп болмаса да, бұл жинаққа енген өлеңдердің әрқайсысы – ақын жанының айғайы.

             Ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған мақалалары- тұтас том боларлық мол дүние. Бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған «Қазақтың бас ақыны» деген еңбегі оқшау, дара тұр. Абайдың рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының  алдына тартылды. Революция алдындағы жазған еңбектерінің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік тұрғыдан көрінеді. Олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығынан хабар береді. Автордың «Қазақ өкпесі» мақаласында қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Россияға қосылудың негізгі жағдайлары деген мәселелер айтылады. «олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандықтың кесапаты» дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін – ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды.

           Осыған жалғас ойларды «Қазақша оқу жайында» мақаласында дамыта, нақтылай түсіп, автор былай деп жазады: «Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білсе керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек.

           Ахмет Байтұрсынұлының қазақша әліппе жасау, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын. Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет Байтұрсынұлы.  «Тіл – құрал»  кітабының қазақ тіл біліміне қосқан үлесі өлшеусіз зор. Себебі ХХ ғасырдың басында дәл сол кезеңге дейін қазақ тілін жеке ғылым саласы, жеке пән ретінде оқытуға арналған мұндай оқу құралы жарық көрмеген еді. Жалпы, қазақ тілі оқулықтарының негізі осы кітаптан басталады.

             Ахмет Байтұрсынұлының ғалым-зерттеуші, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды жаңашыл туындысы – Ташкентте басылып шыққан «Әдебиет танытқыш» кітабы. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың  әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты терминдері мен категориялары осы кітапта қарастырылған. Демек, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғұлама ғалым, ұлы ойшыл.

             Кеңес дәуірінде Ахмет Байтұрсынұлының ақын, көсемсөз шебері, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа деген үміт-арманы, баршасы ұлы мақсаттарды орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған. Міне, қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, ХХ ғасырдың бас кезіндегі үркердей шағын топ – демократтық бағыттағы қазақ интеллигенциясының ең ірі, ең беделді өкілі, бір емес, екі рет заңсыз жазғырылып, сталиндік режимнің құрбаны болған  Ахмет Байтұрсынұлын осылай танимыз.

 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Х. Әдібаев,М.Базарбаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев. Қазақ әдебиеті. Алматы «Рауан» 1998

2         Р.Сыздықова.  Ахмет Байтұрсынов – Алматы: Қазақ ССР «Білім қоғамы, 1990  

3         Ахмет Байтұрсынұлы.  Тіл тағылымы. Алматы «Ана тілі» 1992

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

Ермаханова Шолпан Мырзабекқызы

№119 мектеп-лицейінің   қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Алматы қаласы

Загрузчик Загрузка…
Логотип EAD Слишком долго?

Перезагрузка Перезагрузить документ
| Открыть Открыть в новой вкладке

Жүктеп алу [27.17 KB]

Егер сайттағы мәтіннен қате тапсаңыз, мәтіннің бір бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернесін басыңыз

Daraboz Education

https://daraboz.kz

Daraboz Education - "Дарабоз" ғылыми-әдістемелік журналы Тел: +7 (771) 691-92-93 Email: edu@daraboz.kz (байқау); journal@daraboz.kz (журнал)

Ұқсас публикация

Сообщить об опечатке

Текст, который будет отправлен нашим редакторам: